2017-жылдың 1-қаңтарынан бастап Семейде электр қуатының тарифі 5,5 пайызға өседі.

Бұл туралы «Шығысэнерготрейд» ЖШС өткен қоғамдық тыңдау барысында белгілі болды.

10:12, 26 желтоқсан 2016   961

Тарифті өсіру бойынша қоғамдық тыңдау осымен 7-рет өткізіліп отыр. Осыған дейін облыстық монополияға қарсы ведомство электр қуатының бағасын көтермек болған «Шығысэнерготрейдке» 5 рет рұқсат берген жоқ болатын. Кәсіпорын осыған қатысты өтінішін 2 рет өзі қайтарып алған-ды. Бірақ бұл жолы тарифті көтеруге қатысты сұрақ түбегейлі шешілді. Енді тұрғындар 1 киловатт үшін 10,5 теңгенің орнына 11 теңге 10 тиын төлейді. Бағаның қымбаттауы энергия таратушы компаниялардан электр қуатын тасымалдау құнының өсуімен байланысты. МСТИСЛАВ МАРТЕМЬЯНОВ «ШЫҒЫСЭНЕРГОТРЕЙД» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ «2017-жылдан бастап бұл компаниялар қызмет бағасын өсірмек. Яғни, «Кегок» АҚ 1 киловаттың бағасын 2,08 тиыннан 2,26 тиынға көтерді. Бұған қоса, келер жылдан бастап «ВК РЭК» АҚ, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы, «Казцинк» ЖШС сынды бірқатар энергия таратушы компаниялар өз тарифтерін өсіреді». Айта кетерлігі, заңнамалық құжаттарды ырықтандыруға байланысты, қазір монополиялық қызметтің субъектісі тарифті өсіру туралы табиғи монополияларды реттеу жөніндегі Комитетке ескерту жасаса жеткілікті. Бұл ретте мемлекеттік орган электр энергиясының бағасына ай сайын мониторинг жасап отыруға құқылы. МСТИСЛАВ МАРТЕМЬЯНОВ «ШЫҒЫСЭНЕРГОТРЕЙД» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ  «Яғни, біз жаңа тарифті енгізе отырып, бұл туралы тұрғындарды хабардар етеміз. Өкілетті орган заң мен тиісті ереже аясында серіктестіктің жұмысына бақылау жасайды. Егер «Шығысэнерготрейд» тарапынан қандай да бір заңбұзушылық болса, онда заңға сәйкес тиісті шара қолдануға құқылы. Демек, тұтынушылар тарапынан ешқандай күдік болмау керек. Біздің жұмысымыз бақылауда болады». Қоғамдық тыңдауға жиналғандар тарифтің өсуі туралы жаңалыққа еш таңданған жоқ. Себебі, олар тарифтің 5,5 пайызға қымбаттайтындығы жөнінде бұған дейін хабардар болып алған. Қоғам өкілдерінің пікірінше, тарифті бекіту құқығын табиғи монополияларды реттеу жөніндегі Комитетке қайтарып беру керек.  АЛЬБЕРТ ПЕРЕМЫКИН «ПОКОЛЕНИЕ» ҚБ МҮШЕСІ «Біздің қолымыздан келері, енді бұл мәселені Парламент Мәжілісі деңгейінде көтереміз. Тарифті есептеу немесе тиісті заңнамалық құжаттарға өзгерту енгізу сынды амалдарды қарастыру керек. Мұндай сұрақ бір ғана кәсіпорынның құзырымен шешілмеу керек деп ойлаймын. Тұрғындар не үшін ақша төлейтіндіктерін білу қажет». «Шығысэнерготрейд» серіктестігі басшылығының ақпаратына сәйкес, энергия таратушы компаниялардың барлығы электр қуатын тасымалдаудың жаңа тарифін бекітіп тастаған. Бұған қоса, 2019-жылдың 1-қаңтарынан бастап қуаттылық нарығын енгізу жоспарланған. Бұл да өз алдына компанияның баға саясатына әсер етуі мүмкін.

Дарын Сағитов, Самат Секенов, Раушан Мусина, Қайрат Қожахметов, «Семей» жаңалықтар қызметі  

«Қазақстан-Семей» телеарнасының ресми сайты

071403, Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы, Шугаев көшесі, 157 үй Байланыс телефондары: 8 (7222) 53-20-16