Семейде Қаракерей Қабанбай батыр ескерткішінің тұғырындағы тастар біртіндеп құлап жатыр.

Бұған қоса, мемориалдық кешен орын тепкен алаңның да жағдайы сын көтермейді.

16:34, 10 қаңтар 2017   528

 Қазақ сахарасын жаудан қорғаған дарабоз ескертікішінің мұндай күйге түскеніне тұрғындар алаңдаулы. Осыдан 13 жыл бұрын Семейде дарабоз Қабанбай батырдың ескерткіші ашылды дегенде, қалың жұрт бөркін көкке атып, қуанған болатын. Алайда, темір жол бекеті ауданындағы алыстан көз тартатын сәулет туындысының бүгінгі сиқы көңіл жабырқатады. Тұғырындағы тастар құлап, жанындағы қоршаудың жабындылары да біртіндеп түсіп жатыр. Бірқатар сәндік шамдардың шынылары да қирап қалған. Ескерткіш қараусыз қалды деп ашынады жергілікті жұрт. Жанынан бес қаруын тастамай, бүкіл ғұмырын елі үшін ат жалында сарп еткен дарабоздың еңселі ескерткішін мұндай күйге түсіру, батыр рухына жасалған қиянат деп білеміз, - дейді семейліктер. КҮЛПӘШ САБЫРБАЕВА ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ  «Талай кісілер келеді мына жерге. Бастықтар келеді, шет елден келеді. Мынау ұят қой, көрген көзге». Қабанбай тегінде елді жаудан қорғаған. Осылай тұрғаны ұят қой. Дұрыстап жөндеу керек қой мына жердің бәрін». ЛЮДМИЛА ИВАНОВА ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ  «Көне ескерткіштер мен жаңадан тұрғызылып жатқан ескерткіштерді қорғауымыз керек. Бұл - біздің тарихымыз. Әрине, қирап жатқаны дұрыс емес. Міндетті түрде қаржы бөлініп, ескерткішті қалыпқа келтіру керек. Қараңызшы, алыстан көз таратды, қандай жақсы». Анықтағанымыздай, сәулет-мемориалдық құрылыс қалалық тұрғын- үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің теңгерімінде екен. Тиісті мекеме өкілдерінің айтуынша, биыл темір жол бекеті жанындағы алаңға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жөндеу жоспарланған. Сол уақытта ескерткіштің тұғыры қалпына келтірілмек. Қазір тиісті құжаттар дайын. Қомақты қаржы да қарастырылған.  НАЗГҮЛ ЖАҚЫПБЕКОВА ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ  «Алаңдағы жол төсеніштерін ауыстырамыз. Кішігірім сәулет пішіндері мен сәндік шамдар орнатылады. Қабанбай батыр ескерткішінің тұғырын да қалыпқа келтіреміз. Бұл жұмыстарға шамамен 90 млн. теңге қаржы қарастырылған. Бүгінгі таңда тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сметалық есептері дайын». Айтылған іс-шаралардан бөлек, ескерткіш маңындағы орындықтар мен қоқыс жәшіктері де жаңасына ауыстырылмақ. Бөлім өкілдері кешенді жұмыстар сәуірде басталып, жаз айларында жалғасын табады деп сендірді.

Дарын Сағитов, Елжан Мағзұмов, «Семей» жаңалықтар қызметі

«Қазақстан-Семей» телеарнасының ресми сайты

071403, Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы, Шугаев көшесі, 157 үй Байланыс телефондары: 8 (7222) 53-20-16