Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңындағы айтулы жаңалық.

17:08, 28 қазан 2016

Семейдегі Интернационал көшесіне көрнекті абайтанушы ғалым, Қазақ ССР-і гимнінің авторы, кешегі Алаш арыстарының соңғы тұяғы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қайым Мұхамедхановтың есімі берілді.

Бұл туралы бүгін қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясы өткізген қоғамдық тыңдауда депутаттар мен жиналғандар бірауыздан қолдады.  Қайым Мұхамедханов - қазақ ұлтының асыл қазынасы мен мәдени мұрасын танытуға бар саналы ғұмырын арнаған. Ол сөз өнерінде, әдебиеттану ғылымында сүбелі еңбектер қалдырып, дарынды суреткер, парасатты ғалым ретінде танылды. Қазақ ССР гимні мен 800-ден аса ғылыми еңбектің, «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт кітаптың авторы. Сондай-ақ, «Абай» журналының қайта жарық көруіне көп үлес қосты. Семей қаласында Абай мұражайын ұйымдастыруға өлшеусіз еңбек сіңірді. Алайда, жазықсыз жазаға ұшырап, саяси қуғын-сүргін көріп, түрмеге де отырды. Бұл Қайым Мұхамехановтың ерік-жігерін сындыра алмады. Ғалым ғылыми идеяларынан бас тартпады. Қазір халық мақтанышына  айналған  Абай мектебін сақтап қалды. Қоғамдық тыңдау кезінде қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова Интернационал көшесіне абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың есімін беру мәселесіне қатысты баяндама жасады. Оның айтуынша, 10 жылдан астам уақыттан бері қоғам белсенділері тарапынан Интернационал көшесін ғалымның атымен атау жөнінде 14 ұсыныс түскен. НАДЕЖДА ШАРОВА – СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ «2015 жылдан бері қала әкімдігі жанындағы ономастика жөніндегі жұмыс тобының  4 отырысында Қ.Мұхамедханов есімін Интернациональная көшесіне беру туралы өтініштер қаралды. Көше атауын өзгерту жөнінде халық хабардар. Көпшілік қатысқан жиналыстар өткізілді. Бастамашыл топ құрылып, көше тұрғындары Қ.Мұхамедхановтың елге сіңірген еңбегі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді». Бұл туралы ұсыныс биыл қалалық мәслихат қарауына жіберілген. Алайда, өткен аптадағы қоғамдық тыңдауда мәселе шешілмеген күйінде қалған болатын. Бүгінгі отырыста қалалық мәслихат депутаттары Интернационал көшесіне Қайым Мұхамедхановтың есімін беруді бірауыздан мақұлдады. ЮЛИЯ СОСНИНА – СЕМЕЙ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ «Бүгін дұрыс шешім дұрыс шешім қабылданды деп ойлаймын. Өйткені, ол атақты кісі. Әнұранның авторы. Сондықтан, біз депутаттар осы шешімді қолдадық». Сондай-ақ, жиынға қатысқан ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен жастар да депутаттарды қолдады. Олар бұл дұрыс шешім деген пікірде.  АРАП ЕСПЕНБЕТОВ –ПРОФЕССОР, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ «Сан жылдардан бері ұлы ұстазымыздың есімін мәңгілікке қалдыру бағытында оған көше атын беру керек деген қойылып еді. Бүгін осы мәселе түпкілікті шешімін тауып, депутаттарымыз да, әкімшілік те, халық та жиналып, бірауыздан осыған дауыс беріп жатыр. Ендеше, Қайымның жолы ашылды. Оның жасап кеткен істері жарқырап көріне бермек». Кешегі кеңестік дәуірдің сарқыншағындай болып келген Интернационал атауының Қайым Мұхамедхановтың есімімен өзгеруі, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен ғалымның100 жылдығына айтулы сый болып отыр. Тағы бір атап өтерлігі, күні кеше Өскеменде де қалалық мәслихат депутаттары өткізген қоғамдық тыңдауда қаладағы даңғылдардың біріне жерлесіміздің атын беру туралы шешім шығарылды.

Рысгүл Мадвасова, Ернұр Қалелов, Семей жаңалықтар қызметі

Тақырып бойынша материалдар

ҮЙ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ШЕШІЛУДЕ
16:07, 2 маусым 2020
ҮЙ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ШЕШІЛУДЕ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

СЕМЕЙДЕ COVID-19 ЖҰҚТЫРУДЫҢ ЖАҢА ОҚИҒАСЫ ТІРКЕЛДІ
17:45, 26 мамыр 2020
СЕМЕЙДЕ COVID-19 ЖҰҚТЫРУДЫҢ ЖАҢА ОҚИҒАСЫ ТІРКЕЛДІ
Толығырақ...