
Ядролық медицина орталығы құрылысының бас мердігерінде радиоактивті қондырғылармен жұмыс істейтін лицензиясы болмаған.Бұл туралы облыс әкімі Данал Ахметовтың қатысуымен өткен брифинг барысында айтылды,- деп хабарлайды «Алтайньюс». Орталық құрылысы 2012-жылы басталған болатын. Ірі жобаға мемлекет қоржынынан 6 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Алайда, нысан құрылысында бірқатар ереже бұзушылықтар орын алғандықтан, ғимарат әлі күнге дейін ашылған жоқ. 2017-жылы көктемде бас мердігер мекеме «ИртышГэсСтрой» кәсіпорнының басшысы құрылыс барысындағы қаржылық айла-амалдары үшін 8 жылға бас бостандығынан айрылды. Бірақ, ядролық медицина орталығына қатысты сот үрдістері тоқтар емес. Жақында бас мердігердің радиоактивті жабдықтармен жұмыс істеуге лицензиясы болмағаны анықталды. Облыс әкімі Даниал Ахметовтың айтуынша, орталықтағы жобаға сай емес барлық құрылғылар қайта бұзылады. «Біз қазір күрделі құқықтық мәселелер алдында тұрмыз. Жабдықтардың жобаға сәйкес келмейтіндігін сотқа дәлелдей алмадық. Дегенмен тәуелсіз 7 комиссия мұны растап отыр» дейді аймақ басшысы. Әкімнің айтуынша, жақында мекемеде техникалық тексеру жұмыстары аяқталады. Одан кейін жобаға сәйкес келмейтін барлық жабдықтар бұзылып, орнынан алынады.