
Қой жылы қаламыздағы көптеген мәдени мекемелер мерейтойларын атап өтсе, бірнеше жерлесіміз осы саладағы ұзақ жылдарғы табысты еңбегі үшін мемлекеттік марапаттарға ие болды.
Қаламыздағы Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищенің директоры - Серік Малаев осы оқу орнының түлегі. Домбырадан белгілі сазгер Қадыр Досымжановтың сыныбын бітірген. 30 жылдан бері мәдениет саласы қызметкерлерін дайындауда үлес қосып келеді. Серік Рамазанұлы үшін биыл ерекше жыл. Оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Жыл қорытындысы бойынша Ә.Қашаубаев атындағы облыстық филармонияның директоры Адай Азаматов, «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Берік Көпбаевтың келтіруінше, биыл елімізде тойланған Қазақ хандығының 550 жылдығы, Абай Құнанбаевтың 170 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы, Ата Заңымыз бен Қазақстан Ассамблеясының 20 жылдықтары сынды атаулы даталар Семейде де өз деңгейінде өтті. Шаһарымызда жыл басынан бері 480-нен астам шара ұйымдастырылып, қалалық көркемөнерпаздар байқауына 13 мыңнан астам қатысқан. Сондай-ақ, түрлі мәдени мекемелер мерейтойларын атап өтті.Бүгінде өңірімізде 49 мәдениет мекемесі бар. Біреуі республикалық, 9-ы облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Сондай-ақ, 18 кітапхана, 17 клуб пен 2 мәдениет үйі халыққа қызмет көрсетуде.
Рысгүл МАДВАСОВА